+7 (7182) 65-01-29

10 тамыз – Абай күні. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес елімізде жыл сайын ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні – Абай күні аталып өтеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Абай – ұлтымыздың рухани темірқазығы, ал оның мұрасы қоғамның зияткерлік және рухани дамуының маңызды қайнар көзі болып табылады». Мемлекет басшысы Абай шығармашылығын зерделеу мен насихаттаудың жас ұрпақты тәрбиелеудегі және ұлттық құндылықтарды нығайтудағы ерекше маңызын үнемі атап келеді.

Осы мерейлі датаға орай ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Абай мұрасы – мәңгілік» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.

Кеш шымылдығын Күләш Байсейітова атындағы университет жанындағы колледж студенті Кисатова Жанель Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнімен ашты. П. И. Чайковский атындағы музыкалық колледж студенті Еременко Константин Абайдың 24-қара сөзін қазақ тілінде мәнерлеп оқыды. Балкен Құдышевна ақынның «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңін оқыса, Лилия Қызынғашева «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Ал Сыздықова Толқын қоңыр домбыра үнімен әсем әндерді шырқап, кештің көркін аша түсті.

Іс-шара барысында қатысушыларға Абай Құнанбайұлының өмір жолы, шығармашылық мұрасы және қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар ақынның білімге, ғылымға, еңбекке және адамгершілікке үндейтін тағылымды ойларының бүгінгі қоғам үшін де өзектілігі ерекше атап өтілді.

Кеш соңында Абай шығармалары, оның өмірі мен қызметіне арналған материалдар, сондай-ақ қазақ тілі мен ұлттық мәдениетті насихаттайтын әдебиеттер қойылған «Тілім менің – тірегім» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

Іс-шара Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттауға, ұлттық әдебиет пен мәдениетке деген қызығушылықты арттыруға, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайтуға ықпал етті.

Онлайн кім

Қазір бір қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр