Биыл ақын, журналист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Павлодар облысының Құрметті азаматы Шолпан Байғалы мерейлі 75 жасқа толды. Мерейтойға орай Облыстық арнайы кітапхана төрінде "Ал, аға, айтарымды баяндаймын" кездесу кеші өтті. Оған кітапханамыздың оқырмандары қатысып, қарымды қаламгер сыр-сұхбатымен бөлісіп, кітапхана қорына авторлық туындыларын сыйға тартты.
Шолпан Байғалының алғашқы өлеңдері Тереңкөл ауданы Қызылтаң ауылында 7-сыныпта оқып жүргенде республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында, одан кейін облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly»), «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарық көрді. Алғаш жазған «Ауылым», «Туған жер» деген өлеңдеріне жергілікті сазгер Мейрам Ермекбаев ән жазып, топтамалары жарық көрді. Шара барысында №8 Усолка мөлтек ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапарбек Маусымбаев Шолпан Байғалының туындыларының ерекшелігіне тоқталып, өлеңдері мейірімділікке толы екенін атап өтті.
Шолпанның өлеңдерінде ерекше бояу, өзгеше күш бар. Ол әр туындысын тереңнен ойланып, ойындағысын нақпа-нақ қағазға түсіреді. Мұндай шынайы жазылған өлең әр оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Әсіресе, нәзік өлеңдерімен адамды бірден баурап алады, – деді Е.Баяндин
https://pavlspeclib.kz/kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/al-a-a-ajtarymdy-bayandajmyn-kezdesu-keshi.html#sigProIddb4fe485b3