Бүгін, яғни 15 наурыз күні облыстық арнайы кітапханасының қызметкерлері Қазақ соқырлар қоғамы оқу-өндірістік кәсіпорнының тігін цехы қызметкерлеріне арнап ұстаз, Павлодар қаласының құрметті азаматы Бейсен Ахметовтың 110 жылдығына орай «Ұстаз - ұлы тұлға» атты дауыстап оқуын өткізді.
Бейсен Ахметов 1913 жылы болашақ Павлодар облысы, Ақсу ауданы (қазіргі Қазақстан Павлодар облысы, Ақсу қаласы) аумағындағы ауылда дүниеге келген. Мектептен кейін Павлодар педагогикалық техникумына оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1941 жылдың 25 қыркүйегінен бастап Қызыл Армия қатарында Фрунзе қаласында жеке байланыс батальонының командирі болып қызмет етті. Соғыстан кейін Таволжан мектебінің директоры болып жұмыс істеді.
1948-1972 жылдары Павлодар педагогикалық техникумының директоры болды. Б.Ахметовтың жетекшілігімен мектептің материалдық базасы нығайып, шығармашыл, дарынды ұжым құра білді. Оның көптеген атақтары мен марапаттары бар.
1977 жылы 6 қазанда Павлодар қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Павлодардағы көшеге Бейсен Ахметовтың есімі берілді. 1996 жылы Педагогикалық жоғары колледжге Бейсен Ахметовтың есімі берілді.