+7 (7182) 65-01-29

№121 балабақшаның мектепалды даярлық тобы ерекше кітапханаға экскурсия жасап, кітаптардың тек қағаз бетінде ғана емес, аудио формат арқылы да «жан бітіретін» таңғажайып әлемімен танысты. Бұл – шығармашылыққа, жаңашылдыққа және баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті орта қалыптасқан ерекше кеңістік.

Экскурсия барысында бүлдіршіндер кітапхананың жұмысымен танысып, аудиокітаптардың қалай дайындалатынын білді. Сонымен қатар көзі көрмейтін және нашар көретін оқырмандарға арналған арнайы форматтағы басылымдармен – бедерлі-нүктелі қаріппен басылған кітаптармен, ірі қаріптегі кітаптармен және аудиокітаптармен танысып, олардың ерекшеліктері мен маңызы туралы қызықты мәліметтер алды.

Балалардың ерекше қызығушылығын интерактивті бағдарлама тудырды. Олар пазл құрастырып, ертегі кейіпкерлерін тапты, қызықты тапсырмалар орындады және көздерін байлап ойындарға қатысты. Мұндай тәжірибе балаларға көру қабілеті бұзылған адамдардың өмірін тереңірек түсінуге, өзгелерге жанашырлықпен қарап, қамқор болудың маңызын сезінуге мүмкіндік берді.

Экскурсия соңында бүлдіршіндер кітапхананың креативті кеңістігінде мәдениет пен өнер әлемімен танысып, көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсерге бөленіп, кітаптың әр адамға қолжетімді болатын ерекше әлемін жақынырақ таныды.