27 тамыз күні «ӨнерStars» жобасы аясында «Черноярская Жемчужина» демалыс аймағында белсенді әрі талантты оқырмандарымыздың қатысуымен ерекше көшпелі концерт өтті.
Музыкалық кеш қазақ музыкасының жанашыры, кеңестік және қазақстандық жазушы, композитор, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, мәдениет қайраткері, тағдыры ғажайып шығармашылық жолға толы Илья Жақановтың 90 жылдығына арналды.
Илья Жақанов ғұмырын қазақ музыкасының жауһарларын жинақтап, сақтауға және оны дүниеге әкелген өнер иелерінің шығармашылық жолын дәріптеуге арнады. Ал бүгін біз сол ізгі дәстүрді жалғастырып, музыка туралы айтып қана қоймай, оның әуезді үніне жан бітірдік.
Әсіресе концертте зағип және көру қабілеті нашар оқырмандарымыздың орындауындағы әндер ерекше әсерлі естілді. Өйткені музыка — жүрекке жол табатын, адамдарды біріктіріп, жанға шабыт сыйлайтын ғажайып өнер.
Концерт шымылдығын «Сәулем-ай» ансамблі ашып, Илья Жақановтың «Әселім әнім» және «Еділ мен Жайық» әндерін орындады. Сонымен қатар ансамбль репертуарындағы «Сағыныш» және «Асылым-ай» композицияларын көрермен назарына ұсынды.
Кеш барысында өз өнерлерін Г. Адамжанова, А. Бағдатова, Л. Қызынгашева және кітапханашы Д. Жигомпар көрсетіп, көрермендерге жүрекке жылы, көпшілікке танымал әндерді тарту етті.
Әсем ән мен көтеріңкі көңіл-күйге толы концерт барша қатысушылар мен көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл кеш оқырмандарымыздың өнерге деген сүйіспеншілігін ғана емес, олардың бойындағы сарқылмас талант пен шығармашылық мүмкіндіктің шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
https://pavlspeclib.kz/kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/nerstars-nerge-anat-bitirgen-erekshe-kesh.html#sigProId66d9109cb9

