2 маусым күні облыстық арнайы кітапханада Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай «Рәмізім елдігімнің белгісі» атты ақпарат сағаты өтті. Іс-шара барысында оқырмандарға рәміздердің мағынасы, олардың құрылу тарихы туралы мәлімет берілді және «Мемлекеттік рәміздер» атты викторина өткізілді, қатысушылар ойынға белсеңді қатысты. Оқырмандар назарына «Мемлекеттік рәміздер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, көрмеге қойылған әдебиеттер бойынша шолу жүргізілді.
1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Сондықтан бұл күн ел тарихында жаңа Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық белгілер. Мемлекеттік рәміздер: Көк байрақ, Елтаңба және Әнұран. Биыл осы рәміздерге 31 жыл толды. Еліміздің тәуелсіздігін айғақтайтын бірден-бір нышан – Мемлекеттің Туы. Мемлекеттік тудың авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Туды сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және әйнек бейнелері алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2».
Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұраны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша, 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Әнін жазған – композитор Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімеденов.
https://pavlspeclib.kz/kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/r-mizim-eldigimni-belgisi-atty-dauystap-o-u.html#sigProId2b59843114