Қасиетті Рамазан айының соңғы он күндігінде Арнайы кітапхана Мәшhүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығын «Тарих. Тұлға. Тағдыр» атты тақырыбында, Павлодар қаласының Мәшһүр Жүсіп мешітінің конференция залында бас имам Жолдас Қаспақұлы мен Серік имамның қатысуымен атап өтті.
Атақты ақын, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіптің көп қырлы талант, қаршадайынан оқыған, оқып қана қоймай, көңіліне мол дүние тоқыған білімдар екені елге мәлім. Мәшһүр Жүсіптің ақындығына тоқталсақ, оның нәзік те отты, ойлы өлеңдері халықтың өз ішінен қайнап шыққан талант екенін көрсетеді. Ел ішінің жағдайына жастай қанық ақын ағайын-туыс, бауырдың жан сырын терең жырлайды, нәзік тербейді. Олардың мінез-құлқын салмақты баяндап, сабырлы түйіндейді. Мәшһүр Жүсіптің осындай жақсы жырларының қатарына оның "Жеті жетім", "Қажылық иман шарттары", "Адам екі түрлі", "Жанайын ба?", "Дауасыз дерт", "Күндіз бен түннің айырмасы", "Сырға сөз" секілді өлеңдерін атар едік.
Өз кезінде Мәшһүр Жүсіп сан-салалы ауыз әдебиеті үлгілерін мол жинағаны, өз замандастарының шығармаларын да хатқа түсіргені көпке аян.
Болмайды түн күндізсіз, күндіз-түнсіз,
Ай кірсіз деген сөз бар, Құдай мінсіз,
Шаттық пенен қапалық кезек нәрсе,
Бірінен соң бірі бар артық – кемсіз,– деген жолдармен дүниенің бірқалыпты тұрмай өзгеретінін, алдағы жақсы күннен күдер үзбеу керектігін жырлайды, елге демеу, сүйеу болып, басу айтқан 1858 жылы туған Ұлы даланың Ұлы ойшылы 1931 қой жылы жұмаға қарай таңға жақын аяулы ақын, зерделі жинаушы, жақсы азамат жарық дүниемен біржола қоштасты.
https://pavlspeclib.kz/kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/tarikh-sa-aty-ly-dalany-ly-ojshyl.html#sigProId480d80578e