24 қыркүйек күні арнайы кітапхананың оқырмандарына Қазақстанның көрнекті опера әншісі, КСРО халық әртісі, қазақ музыка өнерінің жарық жұлдызы Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Ән болып қалған ғұмыр» атты әдеби-музыкалық сағат өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар ұлы әншінің өмірі мен шығармашылық жолына шолу жасап, оның әйгілі опералық партиялары, сахнадағы жарқын өнері, шетелдердегі гастрольдік сапарлары және Серкебаевтар әулетінің музыкалық дәстүрлері туралы мағлұмат алды.
Кеш барысында көрермендерге Ермек Серкебаевтың ән орындауындағы «Ангел в тюбетейке» фильмінен үзінді көрсетілді. Бұл бейнежазба ұлы әншінің шығармашылығы жайлы әңгімені толықтырып қана қоймай, оның жүрекке жететін терең де қайталанбас дауысын қайта тыңдауға мүмкіндік берді.
Ермек Серкебаевтың үні — уақыт озған сайын мәнін жоғалтпайтын рухани мұра. Ол музыкалық жазбаларда ғана емес, тыңдарман жүрегінде, кейінгі ұрпақтың өнерге деген сүйіспеншілігінде және Қазақстанның мәдени тарихында сақталып келеді.
Шынайы өнер уақытқа бағынбайды. Оны тыңдап, еске алып, кейінгі ұрпаққа жеткізген сайын, өнердің ғұмыры жалғаса береді.
https://pavlspeclib.kz/kz/2015-02-19-07-41-59/arkhiv-novostej/n-bolyp-al-an-myr-ermek-serkebaevty-100-zhyldy-yna-arnal-an-debi-muzykaly-sa-at.html#sigProIdca24990b38

